ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ
Түркістанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту жөніндегі штаб отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен жиынға денсаулық сақтау саласының жауапты мамандары мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Мәжілісте денсаулық сақтау саласының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштері сараланып, орындалмаған жоспарлы индикаторлар, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдары, сондай-ақ жекеменшік медициналық ұйымдардың жыл басынан бергі қорытындысы талқыланды.
Жиналыста мазмұнды баяндамалар жасалып, өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ оны шешу жолдары сараланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары халықпен кері байланысты күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, медициналық ұйымдардың бірінші басшыларына азаматтардың мәселелерін облыстық деңгейге жеткізбей, аудан және қала деңгейінде шешуді тапсырды. Сонымен қатар арыз-шағымдардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Жиында мүгедектік рәсімдеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алу, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссия (ВКК) төрағаларының қызметін қайта қарау ұсынылды.
Бұдан бөлек, жекеменшік медициналық ұйымдардың 2026 жылдың сегіз айындағы қызмет нәтижелері сараланып, медициналық қызмет сапасының көрсеткіштері бойынша «қызыл аймақта» тұрған клиникалардың жұмысына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне аталған медициналық ұйымдардың қызмет сапасына талдау жүргізіп, қолданыстағы заңнама аясында лицензиялық талаптарға сәйкестігін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалына 2027 жылға қаржыландыру мәселесін қарау кезінде «қызыл аймақта» тұрған жекеменшік клиникалардың көрсеткіштері мен қызмет сапасын ескеру тапсырылды.
Жиын соңында медициналық ұйымдардың басшыларына белгіленген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету, халықпен кері байланысты күшейту, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі