ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АВИАОТЫН САҚТАУ БАЗАСЫ САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АВИАОТЫН САҚТАУ БАЗАСЫ САЛЫНАДЫ
 
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ерлан Ахмолдинмен кездесті. Кездесуде өңірде инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жобаның қазіргі жай-күйі, алдағы жоспардар баяндалды. Инвестор тиісті қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның өңір үшін маңызы жоғары екенін, сүйемелдеу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС Сауран ауданының Оранғай ауылдық округінде JET A-1 маркалы авиаотыны мен жанар-жағармай материалдарын сақтау базасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 19 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаның жалпы сақтау қуаты 19 мың текше метрге дейін жетеді. Оның 12 мың текше метрі ТС-1, РТ және JET A-1 авиациялық отындарына арналған.
Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жобаға қажетті 10,93 гектар жер телімін бөлу мақұлданған. Қазіргі таңда жерге орналастыру жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың І тоқсанында бастау жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі