Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің аумағында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Түркістан облыстық жинақтау пунктінен 61 жас сарбаз Астана қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Болашақ гвардияшыларды шығарып салу рәсіміне 5574 әскери бөлімінің 200-ге жуық мерзімді әскери қызметшісі, ардагерлер, сондай-ақ шақырылушылардың ата-аналары, туыстары мен достары қатысты. Салтанатты жиын саптық бөлім командирі подполковник Төлеген Шыныбековке баянат беруден басталды.
Шара барысында Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Отарбаев жас сарбаздарды әскери қызметке аттануымен құттықтап, Отан алдындағы борышты өтеу – азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі өмірлік тәжірибе екенін атап өтті.
– Құрметті сарбаздар, ата-аналар және қадірменді ағайын! Бүгін біз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне алғашқы команданы шығарып салу рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл – әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе. Себебі әскери қызмет адамды батылдыққа, төзімділікке, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын үлкен өмір мектебі. Сондай-ақ осында тұрған ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді. Көзінде оты, көкейінде рухы бар, елге қызмет етуге дайын азаматтарды тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін, – деді полковник Әділет Отарбаев.
Өз кезегінде облыстық Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов жас сарбаздарға ақ жол тілеп, әскери қызметтің азамат өміріндегі маңыздылығына тоқталды.
– Әскер – нағыз өмір мектебі. Мұнда үлкенге құрмет көрсетуді, тәртіп пен жауапкершілікті үйренесің. Қазіргі жастарға айтарым – әскерден қашпай, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келуі керек. Бұл – әр азаматтың өмірінде болатын қайталанбас тәжірибенің бірі, – деді ардагер.
Іс-шара соңында Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Отарбаев пен 5574 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеген Шыныбеков шақырылушылардың ата-аналарымен кездесіп, әскери қызметтің тәртібі мен ерекшеліктері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Түркістан облысынан шамамен 2500 азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.