ТҮРКІСТАН: «WOOSONG» УНИВЕРСИТЕТІНЕ 200 СТУДЕНТ ҚАБЫЛДАНДЫ

ТҮРКІСТАН: «WOOSONG» УНИВЕРСИТЕТІНЕ 200 СТУДЕНТ ҚАБЫЛДАНДЫ
Түркістан облысында Woosong University Kazakhstan оқу ордасы бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдау салтанатын өткізді. Қазақстан мен Корея Республикасының білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Woosong білім қорының төрағасы Ким Сонг Кёнг, «Woosong University Kazakhstan» ректоры Ким Хонг Ги, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Аталған іс-шарада бірінші курс студенттері салтанатты түрде ант қабылдады.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Woosong білім қорының төрағасы Ким Сонг Кёнг, университет ректоры Ким Хонг Ги студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Woosong университетінің Түркістанда жұмысын бастауы Қазақстан мен Корея арасындағы білім, ғылым және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті.
– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Қасиетті Түркістан төрінде өз жұмысын бастаған Вусонг халықаралық университеті алғашқы оқу жылын қарсы алып отыр. Бұл – жаңа оқу орнының алғашқы қадамы ғана емес, Қазақстан мен Корея арасындағы білім, ғылым және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа белесін айқындайтын маңызды оқиға. Вусонг халықаралық университетінің дәл осы киелі Түркістан қаласында ашылуының да өзіндік терең мәні бар. Осы ретте университетке қолдау көрсетіп, оның білім алушылары үшін халықаралық талаптарға жауап беретін оқу ортасын қалыптастыруға үлес қосып отырған Түркістан облысының әкімдігіне ерекше алғыс білдіргім келеді, – деді ол.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде халықаралық стандарттарға сай білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Баршаңызды қасиетті Түркістан төрінде өтіп жатқан Woosong университетінің жаңа оқу жылының басталуымен және бірінші курс студенттерін қабылдау салтанатымен құттықтаймын! Бір жыл бұрын Түркістанда халықаралық стандарттарға сай, жаңа білім ордасы жұмысын бастады. Бұл – Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі. Кореяның білім мен технологияға негізделген озық тәжірибесінің Түркістанда жалғасын табуы жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға серпін береді. Түркістан облысының білім жүйесі жүздеген мың баланың тағдыры мен болашағына тікелей жауап беретін үлкен орта. Әр оқушыға сапалы білім мен кең мүмкіндік ұсыну – өңірдің болашағына салынатын ең сенімді инвестиция. Осы мақсатта 2025 жылы Woosong университетінде білім алуға облыс бюджетінен 100 грант бөлінді, биыл оның саны 200-ге дейін ұлғайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Woosong университеті Түркістанда білім мен ғылымды, инновация мен халықаралық тәжірибені ұштастыратын маңызды орталық болады деп сенеміз. Мемлекет ұсынған осы үлкен мүмкіндікті бағалай біліңіздер. Әлемдік деңгейде ойлап, зерттеп, тың идея ұсынуға үйреніп, алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсайсыздар деп сенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Сонымен бірге студенттердің командалық жұмысы, шығармашылығы мен бастамаларын көрсету мақсатында 20 студенттік команданың қысқаша бейнероликтері көрсетілді. Үздік үш команда сахнаға шығып, өз жобалары мен идеяларын таныстырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі