VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АУДАРЫСПАҚТАН ҮШ АЛТЫН МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АУДАРЫСПАҚТАН ҮШ АЛТЫН МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан жоғары нәтиже көрсетуде. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының үш спортшысы да өз салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
70 келіге дейінгі салмақта Сайлау Мұхамеджан барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль иеленсе, 90 келіге дейінгі салмақта Дарын Өткелбай тартысты бәсекеде үздік шығып, жарыс чемпионы атанды. Ал 100 келіге дейінгі салмақта Сырым Ізбасаров қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.
Осылайша, Түркістан облысының атынан аударыспақтан сынға түскен үш спортшының үшеуі де алтын медаль жеңіп алды.
Өңір спортшыларына байрақты бәсекеде жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров Көшпенділер ойындарына арнайы барып, спортшыларға қолдау білдіруде.
Жеңімпаздардың барлығы Жаныс Саев жетекшілік ететін Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.
Аударыспақ — ат үстінде күш, ептілік, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спорт түрі. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде айналысады.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Түркістан облысынан 21 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғап жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі