Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық барысы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте жан-жақты талқыланды. Жиында өңірдегі жол қауіпсіздігі, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысы, мектептер маңындағы қауіпсіздік шаралары және жол-құрылыс жұмыстарының барысы қаралды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа оқу жылының алғашқы күндерінде барлық жауапты қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүктеді.
Әсіресе, 1 қыркүйек қарсаңында және оқу жылының алғашқы күндерінде қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, көлік кептелістеріне жедел ден қою, жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру және қажетсіз жол жабындарына жол бермеу міндеті қойылды.
Балалардың қауіпсіздігі – басты басымдық. Осыған байланысты мектептерге іргелес аумақтардағы жол қозғалысына бақылауды күшейту, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік қозғалысы жоғары учаскелерде қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау тапсырылды.
Жауапты басқармаларға, аудан және қала әкімдіктеріне, сондай-ақ Түркістан облысының Полиция департаментіне жолдағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерге жедел әрі нақты шешім қабылдау міндеттелді.
Түркістан облысында 550 мыңнан астам оқушы білім алады. Өңірде 1 106 мектеп жұмыс істейді. Бұл республикадағы 7896 мектептің 14 пайызын құрайды. Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында 2024-2025 жылдары 29 «Келешек мектебі» іске қосылды. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп кезең-кезеңімен реновациядан өткізілуде. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы 36 мектепті жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар балаларға қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша, Түркістан облысы жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде, жоғары жауапкершілікпен және балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына басымдық бере отырып бастап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі