ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 104,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 104,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
 
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде ауданның экономикалық аймағында 104,2 млрд теңгені құрайтын жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық жобалар толық іске қосылған жағдайда 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жамбыл ауылдық округінің аумағында орналасқан арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Өндірістік жобалар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын қалыптастыруға және өңірдегі инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Бақыт Асанов экономикалық аймаққа барып, іске асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын жобалардың қатарында мақта өңдеу, металл өндірісі, индустриялық инфрақұрылым, аквомәдениетке арналған жем өндірісі сияқты бірнеше бағыт қамтылған. Атап айтқанда, «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аудан үшін стратегиялық маңызға ие, себебі Мақтааралдың негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі саналатын мақтаны терең өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл шикізатты дайын өнімге айналдыру үлесін арттырып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді.
Ал «Ханья Холдинг» ЖШС арнайы экономикалық аймақ аумағында индустриялық парк құрылысын жүзеге асыруды көздеп отыр. Индустриялық парк жаңа өндірістерді орналастыруға қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, алдағы уақытта аймаққа жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ. Сонымен қатар «БНК ГРУП» ЖШС өндіріске қажетті броунфилд салу жобасын іске асырады. Бұл жоба қолданыстағы немесе бұрыннан қалыптасқан өндірістік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға бағытталып, өндірістік қуаттарды орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді.
«ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндірісін қолға алмақ. Металл өнімдерін өндіру бағытындағы бұл жоба құрылыс және басқа да өндірістік салалар үшін қажетті отандық өнім көлемін арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеиніне негізделген аквомәдениетке арналған экструдирленген жем өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Заманауи технологияға негізделген бұл жоба ауыл шаруашылығы мен аквакультура салаларындағы жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі