ТҮРКІСТАН МЕН ПХОХАН МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ КҮШЕЙТЕДІ

ТҮРКІСТАН МЕН ПХОХАН МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ КҮШЕЙТЕДІ
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Корея Республикасының Пхохан қаласынан келген делегация өкілдерімен кездесті.
Кездесуде екі қала арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және медицина саласындағы өзара тәжірибе алмасуды дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, медицина мамандарының біліктілігін арттыру, дәрігерлер арасында тәжірибе алмасу, заманауи медициналық технологияларды енгізу және денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағыттарына басымдық берілді.
Пхохан қаласы әкімшілігінің Туризм индустриясы басқармасының директоры Ли Сонг Су бастаған делегация құрамында Pohang SM Christianity Hospital-дың бас дәрігері Хан Донг Сон, Кешенді иммунология орталығының директоры Сим Де Чоль, Стратегиялық даму бөлімінің басшысы Пак Джонг Ын және Ресей мен Орталық Азия қалаларымен жұмыс жөніндегі жетекшісі Со Ён Хва болды.
Пхохан – жоғары технологиялар мен ғылыми-зерттеу әлеуетін медицина саласымен ұштастырып отырған Кореяның дамыған қалаларының бірі. Кездесу барысында аталған бағыттағы тәжірибені Түркістанның даму мүмкіндіктерімен сабақтастыру және озық шешімдерді жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ медициналық туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Түркістанның тарихи-мәдени және туристік әлеуетін ескере отырып, бұл бағыт қаланың халықаралық байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа сервистік мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етпек.
Кездесу қорытындысында медицина мамандары арасында кәсіби байланыстар орнату, тәжірибе алмасу тетіктерін жолға қою және медициналық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды қарастыру жөнінде уағдаластық жасалды.
Халықаралық тәжірибені зерделеу және оны нақты жобалар арқылы жергілікті деңгейде қолдану Түркістанның денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болмақ.