ТҮРКІСТАНДА ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ ТҮЙІСТІРГЕН ӨНЕР БӘЙГЕСІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ ТҮЙІСТІРГЕН ӨНЕР БӘЙГЕСІ ӨТТІ
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Бірлікке үн қосқан» республикалық этномәдени бірлестіктер фестивалі аясындағы облыстық байқау өтті.
Байқаудың мақсаты – этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту, Қазақстандағы этностардың мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін қолдау және жас таланттардың өнерін кеңінен насихаттау.
Салтанатты шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Имашев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға облыстың аудан-қалаларынан келген этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары қатысып, көрермендерге ұлттық ән мен бидің, аспаптық өнердің әсем үлгілерін ұсынды.
Өнерпаздар «Үздік шығармашылық ұжым», «Үздік аспаптық шығарма», «Үздік орындаушы» және «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» номинациялары бойынша бақ сынады.
Байқау қатысушыларының өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы – Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Баетов.
Сонымен қатар қазылар алқасы құрамында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Хуршид Шарапов, Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Нурия Загидуллина, «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» мемлекеттік мекемесінің көркемдік жетекшісі Мұрат Жұманов және халық шығармашылығын қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Зағипа Умирзақова болды.
Бүгінгі байқау – түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін бір сахнада тоғыстырған, өнер арқылы өзара сыйластықты, достық пен татулықты дәріптеген тағылымды шара болды.
Облыстық кезеңде үздік деп танылған 5 өнерпаз республикалық кезеңге жолдама алды. Алдағы уақытта республикалық сайыста Түркістан облысының намысын қорғайтын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі