Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын көбейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекенінде «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауыты салынуда. Жаңа кәсіпорынның құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу көзделіп отыр.
Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс нәтижесінде нарыққа мақта майы ұсынылады. Бұл, ең алдымен, ауданда өсірілетін мақта өнімін тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға жол ашады.
Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Зауытты іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған, жер учаскесі қажетті мақсатқа пайдалануға дайындалған. Кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.
Өндірістік кешеннің құрылысында заманауи технологиялық шешімдерге басымдық берілген. Қазіргі таңда зауыт аумағында өндірістік ғимараттар, технологиялық желілер мен қажетті инженерлік нысандар бой көтеріп, жабдықтарды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Бақыт Асанов жаңа кәсіпорынның құрылыс барысымен танысып, мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды екенін жеткізді.
Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнатып, өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі