Қазақстандағы сайлау науқанының өту барысын бақылау мақсатында Түркиядан келген халықаралық байқаушылар Қазақстандағы сайлау учаскелерінің жұмысымен танысқан болатын.
Бүгін Түркістанға келген Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта бастаған делегация құрамында Нуруллах Бодур, Талип Бакир және Мехмет Ари болды. Халықаралық байқаушылар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін бақылап, азаматтарға жасалған жағдайларды бағалады.
Байқаушылар соның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдайлардың қарастырылғанына назар аударды.
Түркиялық халықаралық байқаушылар еліміздегі сайлау үдерісі қалыпты жағдайда және мерекелік көңіл күйде өткенін атап өтті. Олардың пікірінше, азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы елдің демократиялық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Сапар барысында Сердар Мутта Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи-мәдени байланыстың тереңдігіне тоқталып, бауырлас Қазақстан халқына ізгі тілегін білдірді.
Халықаралық байқаушылардың оң бағасы Қазақстандағы сайлау процесінің ұйымдастырылуы мен дауыс беруге қатысушылар үшін жасалған жағдайлардың маңызын айқындай түсті.