Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында Ақсукент ауыл округі, Ақсу елді мекенінде орналасқан аустралиялық технология бойынша мал сату биржасының құрылысының басталуына арналған капсула салу рәсіміне қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз тарихы терең Сайрам жерінде тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршамыз Ақсу ауылындағы «RED GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал биржасы жобасының капсула салу рәсіміне жиналдық. Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Бүгінгі жоба – осы тапсырмалардың нақты жүзеге асуының жарқын көрінісі. «RED GOLD» ЖШС-нің мал биржасы – елімізде баламасы жоқ, ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл жоба – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Осы игі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторлар мен атсалып жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Нысанның құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет ететініне сенімдімін! – деді өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаны «RED GOLD» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінде жоба аясында Аустралиялық компаниялардан коммерциялық ұсыныстар алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал металл конструкциялардан жасалатын қаңқаларды дайындау түркиялық «Agro Fine» компаниясымен жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Оның 4,7 млрд теңгесі жеңілдетілген несие болса, 500 млн теңгесі инвестордың жеке қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Жер телімінің көлемі – 24 гектар. Құрылыс материалдарының 30 пайызы Аустралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізіледі деп жоспарлануда.
Мал биржасының құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл мамыр айында басталып, қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде инвестор тарапынан нысанның құрылыс алаңын дайындау және іргетасын қалау жұмыстары қолға алынған. Аталған ауқымды жобаны 2026-2027 жылдары іске асыру жоспарланған. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін бір мезетте 5 мың бас ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың бас уақ мал қабылдай алады. Сонымен қатар жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің орташа жалақысы 300 мың теңге болады деп күтілуде.
Айта кетсек, бұл жоба – өңірдегі мал саудасын халықаралық талаптарға сай ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізу нарығын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға зор ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі