Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеді. Бүгін Түркістан қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңір тұрғындарын жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін тыңдады.
Қабылдауға Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарының, сондай-ақ Түркістан және Арыс қалаларының тұрғындары келіп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Азаматтар тарапынан автомобиль жолдарының жай-күйі, қоғамдық көлік қатынасы, жұмыспен қамту, көпірлердің жағдайы, тозығы жеткен жылу жүйелерін ретке келтіруге қатысты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар Оқушылар үйіне көмек көрсету және білім беру саласындағы бірқатар түйткілдерді жеткізді.
Әрбір өтінішті мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, заңнама талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Әсіресе тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге басымдық беруді міндеттеді. Сонымен қатар бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің орындалуы облыс әкімі орынбасарының тікелей бақылауында болады.
Айта кетейік, жеке қабылдауға еӨтініш бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі