АРҚАЛЫҚТА ҚОС МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

АРҚАЛЫҚТА ҚОС МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ
Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы мен мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, ұлт руханиятының көрнекті өкілі Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.
Айтулы мерекеге орай Түркістан қаласының делегациясы Арқалық қаласына арнайы барып, мерейтойлық бағдарламаларға қатысты. Делегация құрамында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев және өңірдің зиялы қауым өкілдері болды.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралар «Өзбекәлі Жәнібековті еске алу» рухани кешінен бастау алды. Жиын барысында қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегі кеңінен насихатталып, оның жарқын мұрасына тағзым көрсетілді.
Сонымен қатар мерекелік бағдарлама аясында «Арқалыққа сәлем!» концерті, XXXIX облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты, «Арқалықтың ақ таңы» спектаклі және өзге де мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Түркістан өңірі үшін бұл мерейтойдың мәні айрықша. Өзбекәлі Жәнібеков – Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей тұлға. Сондықтан оның мерейтойын туған өлкесінің өкілдерімен бірге атап өту – ұлт руханиятына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Арқалық қаласында өтіп жатқан мерейтойлық іс-шаралар тарихи сабақтастықты дәріптеп, өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға өз үлесін қосуда.