ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапардың мақсаты – 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарының өңірде ұйымдастырылу барысымен танысып, жергілікті сайлау комиссияларына әдістемелік көмек көрсету.
Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Түркістан қаласындағы №133 және №951, сондай-ақ Кентау қаласындағы №39 және №44 сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Аралау барысында учаскелердің материалдық-техникалық базасы, дауыс беру кабиналары мен жәшіктерінің жай-күйі, оргтехникамен қамтамасыз етілуі және қауіпсіздік талаптарының сақталуы зерделенді.
Сонымен қатар Төраға учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесіп, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, сайлау бюллетеньдерін қабылдауға дайындық және тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыру жұмыстарының барысын талқылады. Жиынға ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық және аудандық басқармалардың басшылары, сондай-ақ салаға жауапты мамандар қатысты. Төраға сайлау күні азаматтарға, әсіресе қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізді. Кеңесте сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, әрбір аумақтық комиссия төрағасына сайлаушылардың конституциялық құқықтарын толық іске асыру үшін барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ сайлау учаскелерін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен және тұрақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.
Бүгінде Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Оның ішінде 1 204 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар, бұл өңір халқының 56 пайызын құрайды. Сайлауды сапалы ұйымдастыру мақсатында облыста 18 аумақтық және 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
Өңірде демографиялық өсім артып, жаңа тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты биыл Түркістан қаласы мен Сауран ауданында бір жаңа сайлау учаскесі ашылып, алты сайлау учаскесінің шекарасы қайта қаралды. Қазіргі уақытта барлық 952 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Оған қоса, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып отыр. Өңірде мұндай сайлаушылардың саны 14 873 адамды құрайды. Оның ішінде кресло-арбаны пайдаланатындар – 3 365, көру қабілеті бұзылғандар – 7 643, есту қабілеті бұзылғандар – 3 865 адам. Олардың сайлау күні еш кедергісіз дауыс беруі үшін 65 инватакси, 49 әлеуметтік такси және 56 қосымша көлік, сондай-ақ 209 сурдоаудармашы мен 770 жеке көмекші жұмылдырылады.
Сонымен қатар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында цифрлық сервистер де кеңінен қолданылуда. Облыс әкімдігінің интернет-ресурсында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылған. Сайлау күні бұл мүмкіндік 557 учаскеде қолжетімді болады. Сонымен қатар азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін eGov порталы арқылы тексере алады. Бұдан бөлек, тұрғындарға қызмет көрсету үшін 22 шағын ХҚКО, 18 жергілікті Call-орталық және «109» бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.
Қазіргі уақытта комиссия мүшелері сайлаушыларға арнайы шақыру қағаздарын тарату жұмыстарын жүргізуде. Бұл науқан 7–12 тамыз аралығын қамтиды. Халықты ақпараттандыру мақсатында өңірдегі 16 сауда орталығындағы 215 теледидарда, 45 медициналық ұйымда және ХҚКО-ларда ақпараттық бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар базарлар мен теміржол вокзалдарында аудиороликтер таратылып, қоғамдық тамақтану орындарында 4 200 инфобаннер орналастырылды. Халық көп пайдаланатын 150 автобустың тұтқаларына арнайы ақпараттық жапсырмалар ілінді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі