Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесуден кейін әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі облыс әкіміне өз өтінішін жеткізе алмай қалғаны жөнінде бейнежазба жариялаған.
Осы жағдайдан хабардар болған өңір басшысы азаматты бүгін арнайы қабылдап, өтінішін жеке тыңдап, жауапты сала басшыларының қатысуымен мәселені жан-жақты қарады.
Қала тұрғыны Тұрәлі Айтжанов Кентау қаласына кіреберісте орналасқан, жеке меншігіндегі 3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық бағытқа өзгерту туралы өтінішін жеткізді.
Аталған мәселе бойынша азамат бұған дейін де бірнеше рет Кентау қаласы әкімінің және облыс әкімінің қабылдауында болған. Оған қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, баламалы жер учаскесі де ұсынылған. Алайда тұрғын бас тартқан.
Бүгінгі қабылдауда да жауапты мамандардың қатысуымен мәселе жан-жақты қаралып, қолданыстағы заң талаптары кезекті рет түсіндірілді. Атап айтқанда, жер телімі Кентау қаласының қолданыстағы бас жоспарына сәйкес су қорғау аймағында орналасқан. Осыған байланысты оның нысаналы мақсатын өзгертуге қазіргі таңда заң жүзінде мүмкіндік жоқ.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Кентау қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бас жоспар жаңартылып, тиісті мемлекеттік органдардың қорытындылары алынғаннан кейін азаматтың өтініші заң талаптарына сәйкес қайта қаралатын болады.
Қабылдау барысында Тұрәлі Айтжанов кеше халықпен кездесу кезінде туындаған түсініспеушілік салдарынан өз мәселесін жеткізе алмағанын айтып, орын алған жағдайға өкініш білдірді. Сондай-ақ өтінішін жеке қабылдап, мәселенің құқықтық тәртібін жан-жақты түсіндіргені үшін облыс әкіміне алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Нұралхан Көшеров тұрғындардың әрбір өтініші мұқият қаралатынын атап өтті. Сонымен бірге барлық мәселе тек заң талаптарына сәйкес шешілетінін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі