ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫ ТАРИХ ПЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫ ТАРИХ ПЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ
Соңғы уақытта Отырар ауданына келуші туристердің саны артқан. Биыл аймаққа 185 870 турист келіп, ауданның тарихи-мәдени және рухани мұраларымен танысты.
Тамыры терең тарихымен танылған Отырар – ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері, өркениеттің алтын бесігі. Мұнда келушілер алдымен Арыстанбаб кесенесіне, Отырар қалажұртына, музей-қорық нысандарына және басқа да тарихи-мәдени ескерткіштерде аялдайды.
Бүгінде ауданның туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тарихи нысандардың инфрақұрылымы жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Отырарға келетін отандық және шетелдік туристер саны тұрақты өсіп келеді. Туризмнің дамуы аудан экономикасына оң әсерін тигізіп, қызмет көрсету саласының жандануына оң әсерін тигізуде.
Қасиетті Отырар – өткен мен бүгінді жалғаған, тарихы тағылымға, мәдениеті мұраға толы мекен. Аудан көлемінде туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі