Түркстан облысында кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру, халықтың қаржылық және бизнес сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында «Кәсіпкерлік негіздері және агроқұзереттілік» тақырыбында оқыту семинарлары өткізіліп келеді.
Оқыту бағдарламасы кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтармен қатар, өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін кәсіпкерлерге де арналған. Семинар барысында қатысушылар кәсіпті неден және қалай бастау керектігін, бизнес-жоспар әзірлеуді, салық жүйесінің ерекшеліктерін, мемлекеттік қолдау тетіктерін, заманауи маркетинг пен қаржылық жоспарлаудың негізгі қағидаларын меңгеріп, бизнесті тиімді жүргізуге қажетті практикалық білім мен дағдыларға ие болады.
Ең бастысы – әрбір қатысушы тек теориялық білім алып қана қоймай, өз бизнес-идеясын жан-жақты талдап, оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын айқындауға мүмкіндік алады. Оқыту барысында қойылған сұрақтарға жеке кеңестер беріліп, кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелердің тиімді шешу жолдары ұсынылады.
Бүгінде аймақтарда өтіп жатқан оқыту семинарлары тұрғындардың үлкен қызығушылығына ие болып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың белсенділігін арттыруда. Бұл бастама жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің құрылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.
«TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы алдағы уақытта да өңір кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, білім беру алаңдарын кеңейту арқылы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі