Түркістан қаласында 20 шілде – Халықаралық шахмат күніне орай ашық турнир ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға қала тұрғындары мен облыстың әр өңірінен келген шахматшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Турнирдің негізгі мақсаты – шахмат спортын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Жарыс жас ерекшелігіне қарай бірнеше санат бойынша өткізілуде. Атап айтқанда, 12 және 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, сондай-ақ 50 жастан асқан сеньорлар арасында тартысты бәсеке өтуде.
Іс-шара аясында Түркістанның мақтаныштары – Қазақстан Республикасының және Азия чемпиондары, әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Сұлтанхан Нұрислам мен Асылхан Әсияның спорттық жетістіктеріне арналған арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы Әліпов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, шахматтың жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамытудағы маңызына тоқталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.