Түркістан облысында балаларды жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамту жұмысы қарқынды. Осы бағытта Жетісай ауданында жазғы сауықтыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып, мыңдаған оқушының жазғы демалысын жарқын әсерге толтыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «2024-2026 жылдарға арналған жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, демалысын және бос уақытын ұйымдастыру» жоспарына сәйкес биыл Жетісай ауданынан жеті кезең бойынша 2 мың оқушы Төлеби ауданындағы «Ореховая роща» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда. Бүгінгі күнге дейін бес кезеңде 1450 жеткіншек жазғы тынығудың қуанышын сезініп үлгерді.
Жазғы лагерьдегі балалардың жай-күйімен арнайы танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов лагерьге барып, бүлдіршіндермен жүздесті. Олар балалардың тұрмыс жағдайын, қауіпсіздігін, тамақтануын, демалыс бағдарламасының ұйымдастырылуын көріп, спорттық және мәдени шараларға бірге қатысты.
Лагерьде балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жатын орындар, асхана, бассейн, медициналық пункт, санитарлық-гигиеналық нысандар мен демалыс аймақтары жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, үш мезгіл сапалы тамақтануы және күнделікті тәрбиелік-танымдық бағдарламалары тұрақты бақылауда.
Аудан әкімі балалармен еркін әңгімелесіп, олардың көтеріңкі көңіл-күйі мен жарқын жүзін көріп, жазғы лагерьдің тек тынығу орны ғана емес, тұлғаны тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті.
Балаларға деген қамқорлық мұнымен шектелген жоқ. Демалыс барысында белсенділігімен көзге түскен оқушылар мен топ жетекшілері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталса, бесінші кезеңде демалып жатқан 300 оқушының әрқайсысына аудан әкімінің бастамасына қолдау білдірген кәсіпкерлердің демеушілігімен Жетісай қаласындағы аттракциондар саябағына, «Jet Plaza» ойын-сауық орталығына және кинотеатрға бір реттік сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Балаларға мерекелік дастарқан жайылып, балмұздақ таратылды. Аудан өнерпаздары мен лагерь демалушыларының, цирк өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жазғы демалыстың ең жарқын сәттерінің біріне айналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі