Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте цифрландыру, байланыс пен интернет инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздік және жасанды интеллект жобалары талқыланды.
Облыстағы 801 елді мекеннің 769-ында 4G және 3G желісі бар, 32 елді мекен кезең-кезеңімен қамтылуда. 196 аумақта 5G базалық станциясы іске қосылған. Байланысы әлсіз 95 аумақтың 72-сіндегі мәселе шешіліп, қалғаны жыл соңына дейін реттеледі. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр.
Қоғамдық қауіпсіздік үшін 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 8000 камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату басталды. Сонымен бірге мектептердегі интернет сапасын онлайн бақылау, әкімдікке арналған жасанды интеллект көмекшісі, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі байланыс операторлары ұсынған мобильді интернет пакеттерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ облыс аумағында 5G желісін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауды міндеттеді. Бұдан бөлек, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытудың кешенді жол картасын әзірлеп, атқарылған жұмыстар туралы ай сайын есеп беруді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі