ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕРЛЕР ҚҰРАМАСЫ АУЫР АТЛЕТИКАДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕРЛЕР ҚҰРАМАСЫ АУЫР АТЛЕТИКАДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Түркістан қаласында өткен ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жігіттер мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының жекелей және командалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған ел біріншілігінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас зілтеміршілер бақ сынап, үздіктер анықталды.
Жалпыкомандалық есепте ұлдар арасында Қызылорда облысының құрамасы чемпион атанса, Түркістан облысының командасы екінші орынға ие болды. Үздік үштікті Ақмола облысының спортшылары түйіндеді. Ал қыздар арасында Жетісу командасы топ жарса, Ақмола облысы екінші орынды, Түркістан облысының құрамасы қола жүлдені жеңіп алды.
Чемпионат қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, өңір намысын абыроймен қорғады.
Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы тағайындалған медальдар, кубоктар мен алғыс хаттарды табыстады.
Айта кетейік, ел чемпионатына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан барлығы 150-ге жуық спортшы қатысты.
Түркістан обылысы әкімінің баспасөз қызметі