Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасында жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының пилоттық жобасын іске асыру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кездесу барысында өңір басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, егін алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету және заманауи технологияларды енгізу өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тұрақты көңіл бөліп келе жатқанын, климаттық өзгерістер жағдайында жаңа технологияларды енгізудің өзектілігі артып отырғанын айтты.
– Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Бұл озық технология Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында қолға алынды. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген білікті инженерлер, ғалымдар мен пилоттар жергілікті мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, тәжірибелерімен бөлісті. Осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында өңірімізде маңызды жобаның іргесі қаланды. Алдағы уақытта бұл технология ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, жайылымдардың өнімділігін арттыруға және су тапшылығының салдарын азайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Пилоттық жоба аясында жауын-шашынды жасанды шақыру бойынша 14 авиациялық операция орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары ауа райы процестерін модификациялау және авиациялық операцияларды жүргізу технологиясы бойынша арнайы оқытудан өтті. Жоба шеңберінде жасанды жаңбыр технологиясы енгізілетін басым аумақтар ретінде Созақ, Отырар, Бәйдібек және Төлеби аудандары айқындалып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Жиында сөз алған Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова өңірде инновациялық технологияларды енгізуге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеровке алғыс білдіріп, Түркістанның жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибеде іске асырған алғашқы өңір ретінде маңызды қадам жасағанын айтты.
Кездесу соңында облыс әкімі аталған пилоттық жобаны табысты жүзеге асыруға үлес қосқан Біріккен Араб Әмірліктерінің инженерлері, ғалымдары мен пилоттарына Алғыс хаттарын табыстады. Облыста алдағы уақытта да су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі