Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу және терең өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында өндірістік аймақта салынып жатқан пластик қалдықтарын қайта өңдеу және пластик ыдыстарын өндіру зауытының құрылысымен танысты.
«KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 2 млрд теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы аудан әкімі мен сала жетекшілеріне жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
– Өңір үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, терең өңдеуді дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – басты басымдықтардың бірі. Мұндай жобалар экологияны жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа зауытта пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті пластик өнімдері шығарылады. 70 адам жұмыспен қамтылып, жылына 10 млн дана өнім шығару жоспарланған. Бұл өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, отандық шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 5 зауыт салу қолға алынған. Оның екеуі іске қосылған, үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске асқанда мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектері, құрама жем, темір бұйымдары және химиялық жуғыш заттар өндіретін 5 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын «MIR AGRO KZ» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені мен қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, дайын инфрақұрылым ұсынылуда. Өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық аудан мен қалада шағын өнеркәсіптік парктер салынып, өндірісті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі