Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында №19 көпсалалы колледждің жұмысымен танысты. Өңір басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, оқу кабинеттері мен аумағын көрді. Білім беру сапасы, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Колледж директоры Айдарбек Илиясов оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.
2014 жылы пайдалануға берілген колледж 425 студентке арналған. Үш қабатты ғимаратта 36 оқу аудиториясы бар. Бүгінде 54 оқытушы 11 мамандық бойынша білім береді. Олардың қатарында ветеринария, дәнекерлеу ісі, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, ауыл шаруашылығын механикаландыру және өзге де сұранысқа ие бағыттар қамтылған.
Өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, оқу орындарының материалдық базасын нығайту және білікті кадрлар даярлау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі