
– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі – осы стратегиялық бағыттағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Әсіресе, «тыңдалу құқығы» қағидатының енгізілуі қандай да бір шешім қабылданар алдында азаматтың пікірі ескеріліп, уәжі тыңдалып, мәселені жан-жақты қарау тәжірибесін қалыптастырды. Өткен бес жыл ішінде Кодекстің қабылдануына орай, мемлекеттік басқару жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Халық пен мемлекеттік орган арасындағы ашық диалог нығайды. Өтініштерді қарау сапасы артты. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі арта түсті. Әрине, бұл жетістіктердің артында судьялардың, заңгерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Сіздер заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осынау мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге абырой тілеймін! Әділдік туы желбіреген Тәуелсіз Қазақстанымыз заң үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің әлемдік озық үлгісіне айнала берсін! – деді Нұралхан Көшеров.