
Кездесу барысында «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй іргетасты құю – Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Болашақта компания «Самұрық-Энерго» АҚ сияқты серіктестермен бірлесе отырып, құрылысты жоғары стандарттарға сәйкес жүргізуге күш салатынын мәлімдеді.
«Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев және өзге де жауапты тұлғалар жұмыс барысын баяндап, жобаға қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, аталған маңызды жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері жер жұмыстары толық атқарылып, күн электр станциясының кеңсе, жатын орын, қойма ғимараттары салынды. Ал бүгін негізгі қондырғыларды орнату жұмысы басталды.
Түркістан облысындағы 300 МВт қуатты фотоэлектрлік-энергия сақтау жобасының жалпы инвестиция көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін қол қойылған Қытай мен Қазақстан үкіметаралық негіздемелік келісімі аясында іске қосылатын алғашқы жоба. Құрылыс кезеңінде 500-дей жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына нақты серпін береді. Іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтіліп отыр. Осы арқылы өңірдің энергетикалық балансының құрылымын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның «жасыл» энергетикадағы үлесін арттырмақ. Күн электр станциясы 2027 жылы пайдалануға беріледі.