EXPO халықаралық көрме орталығында қазақстандық өндірушілердің IX «Ulttyq ónim – 2026» жыл сайынғы көрмесі басталды. Биылғы көрме осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ең ауқымдысы.
Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік артық.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуында Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің үндеуін оқыды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда»,
— делінген Олжас Бектеновтің үндеуде.
Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту перспективалары атап өтілді.
«Жаңа Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Отандық тауар өндірушілер осы аталған қағидаттарды жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып отыр. Кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін өндірістік бастамаларды, оның ішінде импортты алмастыру мен экспорттық әлеуетті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту ісі жалғасын табады»,
— деп атап көрсетілген Премьер-министр сөзінің мәтінінде.
Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының ішінде бизнестің қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелеу құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2025 жылы «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған. Осының арқасында 13 мың ШОБ жобасы жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылып отыр. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашылып, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге және салық түсімінің 2 трлн теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етті.