
– Қадірлі қонақтар, зиялы қауым өкілдері және сала мамандары! Баршаңызды «Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты тағылымы терең, маңызы зор конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Киелі Түркістан – ұлтымыздың рухани тамыры, түркі дүниесінің қасиетті бесігі. Бұл – тарих пен тағылым тоғысқан, бабалар аманаты сақталған, ұрпаққа ұлағат беретін қастерлі мекен. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – халқымыздың ғана емес, барша түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы. Оның тағылымы ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды нығайтуда ерекше маңызға ие. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Осы игі бастамалардың нәтижесінде Түркістан жаңа даму кезеңіне қадам басып, халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени әрі туристік орталық ретінде жаңаша келбет қалыптастырып келеді. Біздің міндетіміз – ұлы бабалардан қалған асыл мұраны сақтау ғана емес, оны келер ұрпаққа лайықты жеткізу, әлемге кеңінен таныту. Себебі рухани мұра – ұлттың жадын жаңғыртатын, елдің еңсесін көтеретін өлшеусіз байлық. Бүгінгі басқосу – руханият пен туризмді ұштастыратын, ғылыми ой мен нақты бастамаларды тоғыстыратын маңызды алаң. Бұл конференцияда айтылатын мазмұнды пікірлер мен тың ұсыныстар ішкі туризмді дамытуға, тарихи сананы нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жаңа серпін береді деп сенемін. Тәуелсіз еліміздің рухани тұғыры биік, Түркістанның мерейі үстем болсын! – деді Зұлпыхар Жолдасов.