ТҮРКІСТАНДА МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы. Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Биылғы турнирге Қазақстанның 10 өңірінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан, елдерінен келген 13 команда сапында 150-ге жуық жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және шеберліктерін шыңдау.
Жарыстың бас төрешісі Дархан Ашировтың айтуынша, турнир деңгейі жоғары, ал қатысушылар өз дайындықтарын толықтай көрсетуде.
Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырды.