Түркістан облысы аумағында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. 9 ауданда 300 мың гектарға жуық алқап өңделді. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, дәріленген аумақтарды аралады.
Аудан әкімі 3 сектордағы жағдай туралы баяндап, қазіргі таңда Қараспан ауылдық округі, Қажымұқан ауылдық округі, Бөржар ауылдық округі және Бадам ауылдық округі аумақтарында жалпы 12 522 гектар жер өңделгенін жеткізді. Жұмысқа мердігер мекеменің 10 техникасынан бөлек, қосымша 17 техника тартылған. Шегіртке ошақтарын анықтау жұмыстарына 70-тен астам адам жұмылдырылған. Қажетті химиялық препараттар жеткілікті.
Облыс әкімінің орынбасары мобильді топтарға химиялық өңдеу жүргізілген аумақтарды қайта тексеріп, ауданаралық шекаралардағы бақылауды күшейтуді тапсырды
Орталық штабтың мәліметінше, Түркістан облысы бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы 796,88 мың гектар аумақ зерттелген. Оның ішінде 285,71 мың гектар жерде экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Қазіргі таңда 275,11 мың гектар аумақ химиялық өңдеуден өтті. Өңдеу жұмыстарына жалпы 250 арнайы техника мен 51 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылған.
Химиялық өңдеу көлемі Келес ауданында 140 мың гектардан, Сарыағаш ауданында 57 мың гектардан, ал Арыс қаласы аумағында 51 мың гектардан асты. Сонымен қатар Бәйдібек ауданы, Шардара ауданы, Түлкібас ауданы, Сауран ауданы және Қазығұрт ауданында зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.