ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ЖЕҢІС КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ЖЕҢІС КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Қазығұрт ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес» атты салтанатты шара өтті. Тағылымы терең кеште ел қорғаған ерлердің ерлігі ұлықталып, батыр бабалар рухына тағзым жасалды.
Тағылымды жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов құқық қорғау органдарының өкілдері, мекеме басшылары, соғыс және тыл ардагерлері, ардақты ақсақалдар, әскери қызметкерлер, сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының мамандары мен жастар қатысты.
Шара «Даңқты батыр бабалар» аллеясындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Қатысушылар майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет сарайында жалғасын тауып, аудан әкімі Азизхан Исмаилов жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты жиын барысында 1986 жылғы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 40 жылдығына орай, апат салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтар «Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жою» және «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Сонымен қатар әскери қызметте жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығынан жоғары нәтиже көрсетіп, тәртібімен ерекшеленген сарбаздардың аналарына «Үздік жауынгердің анасы» медалі табысталды. Бұл – ұл тәрбиесіндегі ананың рөліне көрсетілген ерекше құрмет болды.
Шара барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. Көрермендерге рух сыйлаған тағылымды қойылымдар елдік пен ерліктің мәнін терең ұғындырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі