
– Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы, әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екенін айтқан болатын. Бұл абыройлы міндетті Түркістан облысының ержүрек, отаншыл өрендері де жауапкершілікпен атқарып жүр. Ел дамуы үшін тыныштық пен тұрақтылық керек. Бұл ретте бүгінде облысымыздың полиция қызметкерлері қоғам тыныштығын күзетуге үлес қосып жүр. Тәртіп сақшыларын да қос мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету – баршамызға ортақ міндет! Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері қалды. Сонымен бірге 3 мыңнан аса Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер мен тыл ардагерлері бар. Біз майдангерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз! Отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін маңызды қос мерекеде әр отбасыға денсаулық, амандық және мол табыс тілеймін! – деді Зұлпыхар Жолдасов.