
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз облысымыздағы экономикалық табыстарға халқымыздың бірлігі мен еңбегі арқылы қол жеткіздік. Өңірдегі этнос өкілдері де біртұтас Қазақ елінің дамуына үлес қосып келеді. Осы ынтымағымыз мәңгі болып, Түркістанымыз дами берсін. Екіншіден, мамыр айының ортасында Түркістанға түркі тілдес елдердің президенттері келіп, маңызды жиын өткізеді. Бауырлас елдердің ынтымағы мен берекесін арттыратын келісімдер жасалады. Осындай маңызды жиындар арқылы облыстың инвестициялық, туристік әлеуеті көтеріледі. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен аса маңызды басқосуды киелі Түркістан төрінде өткізу – біздің өңірге деген шынайы жанашырлығы мен қолдауы деп білемін. Біз осы іс-шараны жоғары деңгейде өткізіп, сенімді ақтауға міндеттіміз. Бүгінгі кезектен тыс сессияда өңіріміз үшін маңызды шешімдер қабылданды. Бұл қадамдар облыс экономикасын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жедел әрі сапалы шешу. Осы бағытта әкімдік пен мәслихаттың бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие. Биылғы жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, республика бойынша 2 орында тұрмыз. Бұл – облысымыздың әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет. Алдағы уақытта бүгін қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс атқарамыз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.