
Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы мәжіліс өткізді. Жиынға Сарыағаш, Жетісай, Арыс, Келес аудандарының басшылары мен салаға жауапты мамандар қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстың фитосанитариялық жағдайы. Баяндамаларға сәйкес, Арыс қаласы аумағында аса қауіпті секторлар тіркелмеген. 11 сектордың жағдайы тұрақты бақылауда, ал 6 сектордың қауіптілік деңгейі төмен деп бағаланған. Келес ауданында 6 сектор бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар 13 секторда химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сарыағаш ауданында зерттелген алқап көлемі 111 200 гектарды құрайды. Оның ішінде 46 720 гектарда үйірлі шегіртке экономикалық зияндылық шегінен асқан. Осыған байланысты 22-секторға қосымша күш жұмылдыру қажеттігі атап өтілді. Қалған 17 секторда жағдай тұрақты.