
– Түркістан – күллі түркі әлемінің рухани астанасы. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл қасиетті мекен – ұлттық жадымыздың ордасы. Осындай киелі топырақта Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ізі қалғаны – біз үшін зор мақтаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең зерттеуді тапсыра отырып, Ясауи, «Әл-Фараби және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптеу қажеттігін атап өткен болатын. Биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім», «Әл-Фараби» ордендерін табыстау туралы шешімнің қабылдануы – осы мұраны ұлықтаудың айқын көрінісі. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – түркі дүниесінің кемеңгер тұлғасы. Оның даналыққа толы хикметтері ғасырлар бойы халықтың рухани бағдаршамына айналып келеді. «Диуани хикмет» еңбегі – адамгершілік пен әділдікке үндейтін терең философиялық туынды. Ясауи мұрасы тек діни іліммен шектелмей, түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениетіне де зор ықпал етті. Оның ілімі – бірлікке, ізгілікке, адамзаттық құндылықтарға үндейтін әмбебап рухани мұра. Бүгінгі жиын ұлы баба идеяларын қазіргі қоғаммен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Ортаға салынған ғылыми тұжырымдар жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне зор үлес қосады деп сенемін. Түркістан – ұлт бірлігі қалыптасқан киелі мекен. Бұл жерде қазақтың хандары мен билері, батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер осында қабылданған. Бүгінде біз осы тарихи және рухани сабақтастықты сақтай отырып, Түркістанның туристік және рухани әлеуетін дамытудамыз. Облыста тарихи мұраларды жаңғырту, мәдени туризмді дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл ретте, Ясауи ілімін зерттеу және жастар арасында кеңінен насихаттау – уақыт талабы. Себебі, жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау мен дамыту – ел болашағының кепілі. Ұлы тұлғаларымыздың мұрасын терең зерттеп, оны әлемдік деңгейде танытып жүрген ғалымдар мен зиялы қауымға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұралхан Көшеров.