
– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тұрақты әуе рейстерін орындап келеді. Әуежайға халықаралық авиациялық ұйымдардың ICAO және IATA кодтары берілген, сондай-ақ ол ИКАО-ның 1-санатына жатады. Бүгінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. Жүк терминалының аумағы 0,5 гектар болса, оның өткізу мүмкіндігі тәулігіне 60 тоннаға жетеді. Ұшу-қону жолағының өлшемі 3300 × 45 метр, ал әуежайдың жалпы аумағы 905 гектарды құрайды. Аэровокзал кешенінің ауданы – 10 750 шаршы метр. Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы «Әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл – алдағы уақытта әуежайды толыққанды авиахаб ретінде қалыптастыруға, соның ішінде авиаотын кешенін жаңғыртуға және перрон аумағын кеңейтуге кең мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Түркістанды халықаралық әуе қатынастарының маңызды орталығына айналдыру. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру және өзара тиімді серіктестікті нығайту мақсатында сіздерді бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға шақырамын. Бұл құжат алдағы уақытта нақты жобаларды іске асыруға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және Түркістан халықаралық әуежайы базасында заманауи авиахаб қалыптастыруға берік негіз болады деп сенемін, – деді Еркебұлан Дауылбаев.