ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ АЛЮМИНИЙ ОРАМДАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталды.
Инвестициялық жоба «QAZCOILPRO» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 115 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде алюминий орамдарын өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі өндіріс орындарының біріне айналады деп күтілуде.
Зауыттың өндірістік қуаты екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жылына 100 мың тонна өнім шығару жоспарланса, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Жоба нәтижесінде 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Маңызды инвестициялық жобаның басталуына орай өткен жиында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов құрылыс жұмыстарына сәттілік тілеп, өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.
– Жаңа өндіріс орны аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Айта кетейік, зауыт Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде орналасады. Құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдар аралығында аяқталып, 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұл жоба – еліміздегі алюминий өнімдерін өңдеу саласындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.