
Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті, онда Президенттің «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тыңдалды.
ІІМ мәліметінше, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан (ЖКО) 40 мыңға жуық адам жарақат алады, ал қаза тапқандар саны шамамен 2,5 мың адамды құрайды. 2025 жылы еліміздің жолдарында қаза тапқандар саны 10%-ға, 2026 жылдың басынан бері 4%-ға төмендеді.
Ержан Саденов апаттардың негізгі себептері: көлік жүргізу тәртібінің нашарлығы, жол инфрақұрылымының жай-күйі, әсіресе қыс мезгілінде және автокөліктердің техникалық жағдайы екенін хабарлады. Орташа жылдамдықты қадағалау жүйелерімен қамтуда проблема бар: жабдықтар жеткіліксіз. ЖКО-лар үлесі әсіресе елді мекендерде жоғары болып қалуда, олар барлық апаттардың 84%-ын құрайды. Жүргізушілердің жеке тәртібі нашар – ЖКО-лардың 90%-ы солардың кінәсінен болатыны атап өтілді. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам Жол қозғаласы ережесін (ЖҚЕ) бұзу дерегі анықталды, 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталды.
Жол апаттарын азайту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында Қазақстанда цифрлық шешімдер енгізілуде. Республика жолдарында 60%-дан астам заңбұзушылықтарды тіркейтін 30 мыңға жуық камера жұмыс істеп тұр. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, бейнебақылау желісі кеңейтілуде. Сонымен қатар, «жасырын» патрульдеу дамуда. Оған қосымша көліктің техникалық жай-күйін және техникалық байқаудан өтуін бақылау күшейтілуде.
ІІМ газ баллон жабдығы бар көлікті тексеруге қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ жүк және жолаушылар көлігін міндетті жарық шағылыстыратын таңбасы болмаса техникалық байқауға жіберуге тыйым салуды ұсынып отыр.
Жол инфрақұрылымын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар – жолақтар, жол белгілері, жарықтандыру жабдықтары және жаяу жүргіншілер өткелдері. Қала сыртындағы трассаларда тәуліктің қараңғы уақытында және қолайсыз ауа-райы жағдайында көрінуді арттыратын лазерлік жүйелер енгізілуде, мұндай шешімдер бүгінде 11 өңірде 22 учаскеде қолданысқа берілді.
Ішкі істер министрі 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электр скутерлерді пайдалануға қосымша талаптар енгізіліп жатқанын хабарлады. Онда жауапкершілікті міндетті сақтандыру және кикшеринг компанияларға қойылатын талаптарды қатаңдату қарастырылған.
Премьер-министр әкімдіктерге қысқа мерзімде электр скутерлердің тұрақ орындарын анықтауды және тиісті инфрақұрылым құруды, яғни қозғалыс үшін тыйым салынған тиісті жол белгілері бар аймақтарды белгілеуді, өңірлік жоспарларда веложолдарды дамытуды қарастыруды тапсырды.
Көлік министрлігінің ІІМ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ЖКО-ның алдын алуға, ауыр салдарын төмендетуге және қауіпсіз жол ортасын қалыптастыруға бағытталған шаралары туралы Нұрлан Сауранбаев баяндады.
Жол желілерін жаңғырту шеңберінде соңғы 5 жылда 11 мың шақырым жол немесе еліміздегі жолдардың жалпы ұзындығының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды, бұл қарама-қарсы бағыттарды бөлу және жүру бөлігін кеңейту есебінен қауіпсіздік деңгейін арттырды. Транзиттік көліктер елді мекендерге соқпауы үшін 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. 2030 жылға дейін тағы 2 мың шақырым жолды ауыстыру жоспарлануда, олардың кейбірі бойынша жұмыстар басталды.
_____