Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Осы бағытта Кентау қаласында абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаладағы орталық көшелер, саябақтар мен аллеяларға біржылдық гүлдер отырғызылып, қала келбетін көркейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау, суару және жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары да тұрақты түрде атқарылып келеді.
Бұдан бөлек, қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, ретке келтіру шаралары ұдайы ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызмет мекемелерімен қатар, еріктілер мен қала тұрғындары да белсенді түрде атсалысуда.
Айта кету керек, таза әрі көрікті қала қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі