ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДАҒЫ МАҚТА ЗАУЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН САПАЛЫ ЕҢБЕК ЕТУІ – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДАҒЫ МАҚТА ЗАУЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН САПАЛЫ ЕҢБЕК ЕТУІ – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
🔰Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» алқалы кеңес өтті. Жиынның мақсаты – қолданыстағы заң талаптарының, сондай-ақ, өндірісте техникалық және өрт қауіпсіздіктерінің сақталуын, әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайын саралау, еңбек жағдайын талдап, жұмыс күшін бақылау.
🔰Кеңеске қатысушылар алдымен өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті. Алқаптарда орналасқан базалардың санитарлық-тұрмыстық ахуалын тексерді.
🔰Қазіргі таңда өндірістік кешеннің мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшылар үшін жатын орны мен асханалар жасақталған. Зауыт аймағында жатақхананың 4 ғимараты қолданысқа берілген. Жұмысшылар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұнда 700-ден астам азамат жұмыс істейді.
Кеңес отырысында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Закриддин Алимкулов сөз алып, бірқатар ұсыныстар енгізді.
🔰Алқалы басқосуда экологиялық тұрақтылық пен топырақтың жай-күйі де талқыланды.
Нұрбол Тұрашбеков өрт қауіпсіздігіне баса көңіл аудару қажеттігін ескертті.
📌– Инвестициялық жобаның жұмыс барысында туындаған өзекті мәселелерін біз апта сайын қарап, заң аясында шешілуіне өздеріңізбен бірге күш салып келеміз. Ал, арнайы кеңес өткізудегі мақсат – бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауға алу, жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын сақтау, орын алған кемшіліктер болса, мерзімінде қалпына келтіруге ықпал ету, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
🔰Талқылау қорытындысымен нақты тапсырмалар белгіленді. Инвестициялық жобалар қызметінің заңға сәйкес атқарылуы әр айда өтетін кеңес отырыстарында тұрақты қаралатын болып келісілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі