
– Баршаңызды Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының ІХ конференциясының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлер – елдің алтын қоры, қоғамның тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Түркістанға сапарында ардагерлерімізбен кездесті. Сол жүздесуде Президентіміз «Ардагерлер жастарымыздың білім алып, дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Бәріміз бірігіп, ел үшін жұмыс істеуіміз керек» деген болатын. Шынында да, Сіздер қиын кезеңдерде табандылық танытып, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қостыңыздар. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Облысымызда ардагерлерді қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда, Түркістан облысында ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Облыста ардагерлер ұйымы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Сіздердің ел бірлігін сақтауға, жастарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарыңыз – ерекше құрметке лайық. Жастарға отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру, патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде сіздердің белсенділіктеріңіз аса маңызды. Жуырда Ел Президентінің өңірімізге жұмыс сапарында келелі ойлар айтып, облыстың дамуына жоғары бағасын берді. Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, өңірдің әлеуетін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Түркістан – тек тарихи өңір ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан оның дамуы мен өркендеуі бәріміздің назарымызда болуға тиіс, – деді ол.