ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЭЛЕКТРОВОЗДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЭЛЕКТРОВОЗДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысы Арыс қаласында электровоздарға қызмет көрсетуге арналған сервистік орталықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС (Alstom) Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойемен кездесті. Кездесу барысында тараптар бірлескен индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылу барысын саралап, ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу және білікті кадрларды даярлау бойынша пікір алмасты.
Қанат Қайыпбек жобаның маңыздылығына тоқталып, ірі халықаралық компаниялармен серіктестікті нығайту Түркістан облысының экономикалық дамуындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Өңірдегі әрбір инвестордың қызметі мен жобалардың тиімді жүзеге асырылуы – ерекше бақылауда. Электровоздарға қызмет көрсетуге арналған сервистік орталықтың құрылысы өңір экономикасын әртараптандыруда маңызды әлеуетке ие. Жобаның нәтижелі іске асуы – басты назарда. Инвестициялық жоба өңіріміздегі жалғыз 2 теміржол станциясы бар Арыс қаласында жүзеге асырылуда. Бүгінде Арыстағы теміржол саласында 5 мыңнан астам адам қызмет атқарады. Жобаның өңір үшін маңызы зор және биыл толық іске асырылады деп жоспарлап отырмыз. Түркістан облысы әкімдігі жобаға қажетті қолдау шараларын жүзеге асыруға ниетті, – деді Қанат Қайыпбек.
Кездесу барысында Жером Бойе компанияның жоспарлары, жобаны іске асыру барысы туралы ақпарат берді. Алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
2024 жылы қолға алынған жобаны биыл іске қосу көзделіп отыр. Жоба құны – 3,5 млрд теңге. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалық қуаты – жылына 1 мыңға дейін электровоз (локомотив).
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 40%-ға орындалды. Барлық қажетті техникалық шарттар алынған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын қажет етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспаөз қызметі