ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
🔰Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында Сарыағаш қаласындағы өндірістік парк аумағын аралап, ондағы құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесіп, жобаны сәтті жүзеге асыру жайын талқылады.
🔰Өңір басшысы өндірістік парктің аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, жауапты тұлғалар мен инвесторларға жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
📌– Бұл өндірістік парк – жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен серпін береді. Құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, жобаларды нақты іске қосу қажет. Мемлекет тарапынан қолдау бар, ендігі кезекте нәтижелі жұмыс күтеміз. Өзіміздің кәсіпкерлер ісін бастап, табысын молайтуға тиіс. Оған толық мүмкіндік бар. Іздену, даму, еңбек ету қажет. Мемлекетті алға кәсіпкерлер сүйрейді. Сондықтан біз барлық аудан, қалада өндірістік парктер салып жатырмыз, – деді Нұралхан Көшеров.
🔰Аталған өндірістік парктің жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды. Жобаны жүзеге асыру үшін 8 кәсіпкерге жер учаскесі кезең-кезеңімен бөлініп берілген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, оны 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 800 млн теңге. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
🔰Өндірістік паркте бүгінде 2 нысанның іргетасы құйылып, тіреу конструкциялары орнатылған. Тағы 2 нысанның іргетасы құйылу үстінде. Ал 1 нысанның құрылысы алдағы аптада басталады.
🔰Өндірістік парк аумағында жалпы 5 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бес қара» ЖШС жұмыртқаға арналған лоток шығару цехын іске қосып, 250 млн теңге инвестиция құю арқылы 25 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Ал «Нұрлы жол» жиһаз жасау цехына 150 млн теңге инвестиция тартылып, 15 жұмыс орнын құру жоспарлаған. Сонымен қатар тағы бір кәсіпкер 150 млн теңгеге кондитерлік цех ашып, 10 адамды жұмыспен қамтымақ. Оған қоса балалар алаңшасына қажетті құрал-жабдықтар өндіретін цех ашылып, 20 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Өндірістік паркте құрама жем шығару цехы да іске қосылмақ. Инвестиция құны – 100 млн теңге, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлаған.
🔰Жоба толық іске қосылғанда Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі артып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі