ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИЗМІ ҰШАҚТАРДА ТАНЫСТЫРЫЛУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИЗМІ ҰШАҚТАРДА ТАНЫСТЫРЫЛУДА
🔰Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды. SCAT әуе компаниясы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы және Шымкент қаласының туризм басқармасы үшжақты ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойды.
🔰Бұл бастама өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, әуе қатынастарын дамытуға және Түркістанға келетін туристер санын көбейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
🔰Ынтымақтастық аясында бірлескен жобалар жүзеге асырылып, туризм саласын ілгерілетуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынады. Атап айтқанда, ақпараттық ілгерілету, туристік өнімдерді дамыту және өңірдің тартымдылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі.
🔰Сонымен қатар Түркістан облысын ілгерілету жаңа деңгейге көтерілді. Енді SCAT әуе компаниясының рейстерімен ұшатын жолаушылар Түркістан өңірінің брендтік бейнесімен таныса алады. Ұшақ борттарында өңірдің туристік әлеуеті кеңінен насихатталуда.
🔰Әуекомпанияның борттық журналында жарияланған материалдар арқылы мыңдаған жолаушы көне шаһардың тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады.
🔰Қазіргі таңда Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Айта кетсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 500 мыңнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Сонымен қатар тарихи орындарға саяхаттаушылар саны 1 миллион 12 мың адамды құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Облыста туристерге қызмет көрсететін 265 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға артқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі