ТҮРКІСТАНДА КҮРЕС ШЕБЕРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласында орналасқан «Olympic center» спорт кешенінде дзюдо, самбо және қазақ күресінен шеберлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Ел біріншілігіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 команда құрамында 1000-ға жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде балуандар М1 жас санатынан бастап М9 санатына дейін сынға түсіп, әр жас деңгейінде 7 салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталады.
Айта кетейік, бұл додада Түркістан облысының намысын қорғауға Самат Рысбеков, Нышанбай Құдайберген, Сәкен Рүстемов, Дінмұхамет Розметов сынды тәжірибелі спортшылармен қатар 30-ға жуық жерлесіміз қатысып жатыр.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер күзде Босния және Герцеговина елдерінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.
Түркістан төріндегі тартысты бәсеке 6-9 сәуір күндері аралығында өтеді.