ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ӨТКЕН «ТАЛМЕН ТҮЛЕГЕН ТУҒАН ЖЕР» АТТЫ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ӨТКЕН «ТАЛМЕН ТҮЛЕГЕН ТУҒАН ЖЕР» АТТЫ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ
Жетісай ауданында «Талмен түлеген туған жер» ұранымен жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, оған 2 мыңға жуық тұрғын белсене қатысты. Табиғатты аялау мен туған жердің тазалығын сақтау мақсатында өткен сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, жастар мен еріктілер және аудан тұрғындары жұмыла атсалысты.
Санитарлық тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, саябақтар мен скверлер, көппәтерлі тұрғын үйлердің айналасы қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар ауданның көркін арттыру мақсатында мыңға жуық можевельник көшеті отырғызылып, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға нақты үлес қосылды.
Айта кетейік, аудан аумағында көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы тұрғындар жиі баратын демалыс орындарына, скверлер мен саябақтарға, аллеяларға 27 мың түп туя, сәндік ағаштар, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам көшеттері отырғызылған болатын. Ал, биылғы жылдың соңына дейін аудан бойынша тағы 30 мыңға жуық көшет егу жоспарланып отыр.
Мұндай игі бастамалар туған жердің табиғи келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да үлкен ықпал етеді. Ортақ іске жұмыла кіріскен аудан тұрғындарының белсенділігі – туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Түркістан облысв әкімінің баспасөз қызметі