ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ
Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары мен ерікті жастар Шарбұлақ ауыл округінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық апталығы аясында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара аясында өзен-көл жағалаулары мен бұлақ көздері тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылып, табиғи аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылды.
Бұл игі шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осындай игі шаралар арқылы жастар туған жердің тазалығына бейжай қарамай, ел болашағына үлес қосып келеді.
Табиғи аумақтарды ретке келтіру бағытында атқарылған жұмыстар – туған жерге деген жанашырлық пен шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі.
Алдағы уақытта да мұндай экологиялық іс-шаралар өз жалғасын тауып, аудан аумағында тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі