Елімізде 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес кешенді жоспары бекітілді. Осыған орай, Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алға қойған міндеттердің сапалы орындалуына, заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуде барлық шаралар қабылдануда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-әрекеттерге бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Штаб отырысына Өңірлік штаб мүшелері және аудан, қала әкімдері қатысты.
Облыс басшысы жұмысты жандандыру бойынша бірқатар міндет жүктеп, бұл індетпен бірлесе күресуге шақырды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, есептік мерзімде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 78 дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 7 келі 34 грамм есірткі заттары тәркіленіп алынды. Жалпы есірткі қылмыстарының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген.
Жыл басынан бері әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 224 сайттың жұмысы тоқтатылды. Есірткі сатумен айналысу мүмкін күдікті электрондық қаражат айналымы бойынша 454 банк картасы анықталып, олардың айналымына шектеу қойылды.
Жиын барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде нашақорлық пен есірткіге қатысты құқықбұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы ақпарат беріліп, жауаптыларға міндеттер жүктелді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі