ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Маңызды мәжіліске өңірдегі құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.
Комиссия отырысында өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерді төмендету бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары болды. Бұл мәселе бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Амандық баяндама жасап, мониторинг барысында анықталған заңбұзушылықтар мен тәуекелдерге тоқталды. Ол мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру, ашықтықты күшейту және бақылау тетіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақаділ Сатыбалды баяндама жасады. Ол саладағы жүйелі жұмыстар, енгізілген бақылау құралдары және заңнамалық талаптардың сақталуы туралы баяндады.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, мемлекеттік сатып алу процесіндегі ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігіне ерекше назар аударылды. Комиссия мүшелері мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау және шешім қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесін көтерді. Бұл ретте цифрландыру тетіктерін кеңінен енгізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін автоматтандыру және адами факторды азайту арқылы ашықтықты арттырудың маңыздылығы айтылды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Отырыста айтылған ұсыныстар негізінде тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырып, әрбір мемлекеттік органға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, өңірде аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармаларда мемлекеттік сатып алумен айналысатын қызметкерлерге заңбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 2025 жылы 11 онлайн және 4 оффлайн форматында семинар-сабақтары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі